Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмимен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және кезектен тыс

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмимен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы Мәжілістің 53 депутатының үндеуі Президенттің атына келіп түсуіне байланысты концультация өткізді.

Кездесуге сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин қатысты.

Өз сөздерінде Премьер-Министр мен Парламент Палаталарының төрағалары Парламенттің төменгі палатасының Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін қолдады.

Мемлекет басшысы депутаттар өз үндеуін бірнеше факторларға негіздегенін атап өтті. Біріншіден, Конституцияға енгізілген өзгерістеге сәйкес Мәжілісте кемінде екі саяси партия болуы тиіс. Бұл үшін саяси жүйеде реформа жүргізілді. Алғаш рет Орталық Азияда депутаттарды партиялық тізім бойынша сайлау енгізілді. Президент Қазақстанның саясатының дамуында демократиялық вектор дәйектілікпен іске асырылуы керектігіне тоқталды. Екіншіден, Қазақстан 2008 – 2009 жылдары күрделі әлемдік дағдарысты бастан кешірді. Елдер мен күллі әлем одан енді ғана шығып келеді, ал бұл кезде әлемдік экономика күшті құбылмалы күйде қалып отыр.

- Біз Еуропада не болып жатқанын, G-20 кездесуінде қандай мәселелер талқыланғанын байқап отырмыз. Экономика тұрақтанды деп айтуға келмейді. Еуропалық Одақтағы оқиғалар бізге де тікелей ықпал етуде. Еуропалық мемлекеттер – Қазақстанның тек маңызды серіктесі ғана емес, сонымен бірге біздің тауарларымыз үшін инвестор әрі рынок. Біз оқиғалардың дамуының барлық мүмкін боларлық нұсқаларына дайындалудамыз. Өткен дағдарысты біз абыроймен еңсердік. Қазақстанда дағдарысты еңсеру жөнінде ең үздік бағдарламаның бірі жүзеге асырылды, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Президент Мәжілістің ағымдағы шақырылымының жұмыс кезеңі ауқымды әлемдік дағдарысқа тұспа-тұс келгенін, жұмыс жедел жүргізілгенін, қажетті шешімдер тез қабылданғанын, алайда заңдардың сапасына зиян келмегеніне тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы қоғам көп партиялық Парламентті қажет етіп отырғанын атап өтті. Парламенттің жаңаруы елде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғыртулар үшін қажет. Бұдан басқа, егер келесі дағдарыс сайлау науқанына сәйкес келетін болса, онда ел басшылығының, Үкіметтің және бұл мәселе бойынша өңірлердің жұмысы қиындайды. Депутаттардан сондай-ақ Мәжіліс пен жергілікті өкілдік органы – мәслихаттар сайлауын бірге өткізу туралы ұсыныстар түсуде.

- Аталған мәселе бойынша сіздердің ұстанымдарыңызды ескере отырып, мен Мәжілісті тарату және сайлау өткізу туралы тиісті жарлық жобасын қарастырамын, – деді Президент.

www.akorda.kz